Көрменің көркі — достық

Published by admin on 14 Сәуір 2011
 

Фестиваль

Сенбі күні Достық үйінде Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай «Тәуелсіз егемен ел — Қазақстан» атты облыстық халықтар достығының фестивалі өтті. Екі күнге созылған шарада этномәдени орталықтардың өкілдері ұлттық қолөнер бұйымдарынан көрме өткізіп, өз өнерлерін көрсетті.

Осымен он екінші рет ұйымдастырылып отырған дәстүрлі шараға он үш этномәдени орталықтардың өкілдері қатысты. Фестиваль аясында олар өздерінің ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдары мен жәдігерлік заттарын, киімдерін көрмеге қойып, жұртшылыққа таныстырды. Елімізде ынтымағы мен достығы жарасып, тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан ұлттардың басын қосып, көрме өткізудегі басты мақсат — олардың ауызбіршіліктерін одан әрі нығайту.

— Достық үйінде бүгінде он сегіз этномәдени орталық бар. Олардың мұнда жұмыс жасауына барлық жағдай жасалған. Әрқайсысының жеке бөлмелері және кітапхана мен көрме залы бар. Жыл сайын өтетін достық фестивалінде елімізді мекендейтін ұлт өкілдері бір-бірінің тарихымен, жәдігерлерімен, салт-дәстүрімен танысып, етене араласады. Достықтың, татулық пен ынтымақтың берік болуына септігін тигізетін бұл фестивальдың ұлт өкілдері үшін маңызы зор. Сондықтан олар жыл сайын ұйымдастырылатын бұл шараны асыға күтеді.

Достық үйіндегі музейде әр ұлттың ерекшелігін айқындайтын түрлі бұйымдар бар. Мұны бізге әр ұлттың өкілдері тапсырды. Жақында неміс ұлтының «Возрождение» этномәдени орталығынан екі әже келіп, чемодан, сандық, іс тігетін машиналарын әкелді. Ақ жаулықты аналар бұл заттарды келер ұрпақ көненің көзіндей дәріптеп ұстанғанын қалайды.

Фестиваль аясында ұйымдастырылған көрмеде жұртшылық түрлі бұйымдармен танысты. Осы фестивальда жүлделі деп танылған ұлттық орталық 1 мамыр мерекесінде қаламызда өтетін мерекелік шарада өз өнерлерін көрсетеді,
— дейді музей меңгерушісі Айша Өтеулина.

Фестиваль барысында этномәдени орталықтардың өкілдері көрмені тамашалауға келген жұртшылыққа салт-дәстүрлерінің ерекшеліктерімен таныстырып, қолөнер бұйымдарын көрсетті. «Шатлық» татар-башқұрт этномәдени орталығының төрағасы Рабил Құрбанғалиев жыл сайын ұйымдастырылатын бұл фестивальды отбасымен бірге асыға күтетінін айтты.

— Қазақстан жиырма жылдың ішінде бірнеше жетістіктерге қол жеткізді. Бұл біз үшін мақтаныш. Себебі біздің ұлтымыз бөтен болғанымен, Отанымыз — Қазақстан, туып-өскен жеріміз — Ақтөбе. Сондықтан біз қазақтың тілін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын жақсы білеміз. Ал өз ұлтымыздың салт-дәстүрін балаларымызға үнемі айтып отырамыз.

Біздің орталық бүгінгі көрмеге үлкен дайындықпен келді. Мұнда көрермендер біздің ұлттық киімдерімізді, тұрмыстық заттарымызды тамашалай алады. Ал үлкен сахнада балаларымыз өз өнерлерін көрсетті. Бір айта кететін жағымды жаңалығымыз, біздің «Жазғы мұнар» ансамбліміз халық ансамблі атағын алды. Бұл біз үшін зор қуаныш,
— деді Р.Құрбанғалиев.

Екі күнге созылған фестивальда әр ұлттың арасында достық пен мейірімділіктің лебі есті. Мұны көрме мен кешті тамашалауға келген жұртшылық сезіне білді. Шара соңында көрмедегі заттары үздік деп танылған, әрі ән, би номинациялары бойынша ерекше өнер көрсеткен орталықтардың өнерпаздары марапатталды. Бас жүлде «Шатлық» татар-башқұрт этномәдени орталығына берілді. «Әзери» әзірбайжан ұлттық орталығының мүшелері І орынға лайық деп танылды. Ал ІІ орынға украиндық «Оксана» этномәдени орталығы қол жеткізді. ІІІ орынды шешен ұлттық орталығының «Вайнах» орталығы иеленді. Кеш соңында жүлдегерлер Алғыс хатпен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.


Айгүл ЖҰБАНЫШ

Добавить комментарий


Защитный код
Обновить